Еуроодақ Орталық Азияға қызығушылық танытып отыр

Еуроодақ Орталық Азияға қызығушылық танытып отыр

Орталық Азия бүгінде жаһандық экономиканың маңызды бөлігіне айналып келеді. Өңірге әлемдік қауымдастық қызығушылық танытып отыр. Бұл қатарда Еуроодақ та бар. Сарапшылар мұны Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірге айналған аймақтың географиялық орналасуымен байланыстырады. Яғни, өңір - құрлықаралық алыс-берістің артуына тың серпін беретін логистикалық торап. Сондай-ақ, аймақтың бай табиғи қоры, экономикасының қарқынды өсуі, қолайлы инвестициялық саясаты мен адами капиталы өңірді тартымды ете түседі. Бұл ретте бір мүддеге ұялаған аймақ елдеріндегі саяси тұрақтылықтың маңызы айрықша. Еуропа елдері Орталық Азияда қолға алынған реформалар мен интеграциялық үдерістерді оң бағалайды. Бүгінгі өзбекстандық саммит Еуропалық одақ пен  өңір бестігінің өзара ынтымағын нығайтудың жаңа көкжиектерін ашпақ. Энергетика, иновациялар сынды жаңа бағыттардағы әріптестіктің әлеуеті зор. Өңір транзиттік мүмкіндіктерімен де тартымды. Бұл ретте «Орта дәлізді» дамытуға басымдық беріліп келеді. Кәрі құрлық ұйымы - Орталық Азияның екінші ірі сауда серіктесі. Аймаққа тартылған тікелей шетелдік инвестицияның 40% -дан астамы Еуроодаққа тиесілі.


Өзбекстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі «жасыл» энергетика цифрландыру, жасанды интеллект, көлік және логистика салаларын бірлесіп дамытуға мүдделі. Тараптардың жүзеге асыруға бағытталған тиісті бағдарламалары мен жобалары Шавкат Мирзиеевтің қаржы институтының басшысымен кездесуінде айқындалды. Ал Өзбекстан, Еуропалық комиссия және Еуропалық кеңес Президенттерінің қатысуымен өзбек елінде Еуропалық инвестициялық банктің өңірлік кеңсесін құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл Өзбекстанда, жалпы Орталық Азия өңірінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялар көлемін арттыруға кең мүмкіндік береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?