Орталық референдум комиссиясы: Қазақстанда референдум өтті деп танылды

Қазақстандықтар референдумда жоғары белсенділік танытуда. Түс ауа жалпы сайлаушылардың жартысынан астамы өз таңдауын жасап үлгерді. Орталық референдум комиссиясының дерегінше, сағат 14:00-де 6 млн астам отандасымыз дауыс берген.

Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі:

- Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса референдум өткізілген деп саналатындығын атап өткен жөн.

Шетелдегі қазақстандықтар да референдумда белсенді дауыс беріп жатыр. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді.

Роман Василенко, Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған болатын. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307. Жалпы шетелдегі азаматтарымыздың дауыс беру үрдісі жоғары белсенділікпен өтіп жатқанын байқап отырмыз.

Бұл ретте айта кетерлік жайт, бүгінгі референдум шымылдығын түрген және соңғы жобылатын да сайлау комиссиялары шетелде орналасқан. Әрине, бұның бәрі уақыт айырмашылығына байланысты. Осыған орай қазірдің өзінде кейбір учаскілер әлі ашылмаған.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

- Әдеттегідей уақыт белдеуіне сәйкес, шетелдегі ең алғашқы сайлау учаскесі Токиода таңғы сағат 7:00 ашылды. Яғни, Астана уақытымен түнгі үште. Ал, ең соңғы учаске Сан-Францискода жабылады. Бұл Астана уақытымен 7 қазанның таңғы сағат 10:00 сәйкес келеді.