Шанхай ондығы, Астана декларациясы және жоғары ұйымдастыру деңгейі. Астанада төрткүл дүние көз тіккен маңызды жиын – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммиті өз жұмысын қорытындылады. Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған өзекті мәселелерді талқылау үшін елордаға 16 елдің мемлекет және үкімет басшылары, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері арнайы келді. Келелі кеңесте сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ бүгінде жаһан жұртының назарын өзіне аударған ықпалды ортаға әрі халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда ұйымға мүше елдердің экономикасы 4-тен 9 пайызға дейінгі аралықта жоғары даму қарқынын көрсетіп отыр. Сондай-ақ, ШЫҰ елдерінің жаһандық жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30%-ға жетті. Ұйымдағы елдердің сыртқы сауда көлемі 8 трлн доллардан асады. Бұл бүкіл әлемдегі сауданың төрттен бір бөлігіне тең. Азиядағы жаңа тарихи экономикалық өсім көп жағдайда ШЫҰ арқасында болып жатқанын, бүкіл жаһандағы экономиканы тұрақтандырушы фактор болып отырғанын айтқым келеді. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ елдеріне өзінің ауқымды нарығына кеңірек жол ашып, тауар айналымын 3 трлн долларға дейін жеткізу ниетін құптайды.
Саммитте сөз алған мәртебелі меймандар да халықаралық күрделі мәселелердің күрмеуін шешудегі ұйымның рөлін жоғары бағалады. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен қарқынды жаһандық өзгерістер ұйым қызметін одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:
- Қауіпсіздік, егемендік, экономикалық даму мен өзге де өте маңызды мүдделерімізді сақтап, дамыту жолында елдеріміз бір-біріне қолдау көрсеткені дұрыс деп білемін. ШЫҰ қызметінің негізгі принципі мүше-мемлекеттердің теңдігі болып табылады. Ал, барлық шешімнің ортақ кеңес арқылы қабылдануы – соның айқын дәлелі. Осы принциптерді Ұйым жұмысында бұдан ары қарай да ұстану керек деп санаймын.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Президенті:
- ШЫҰ-ның күн тәртібіне басқа да мәселелерді шығару керек деп санаймын. Олар ұйымның өте жоғары әлеуеті мен әлемдік экономикадағы және саясаттағы рөліне сәйкес келуі тиіс. Бұл ретте Шанхай Рухы мен хартияның негізгі принциптеріне сүйенгеніміз жөн. Ұйым ішінде ауызбіршілік пен ұйымшылдықты сақтау – өте маңызды. Ары қарай да ШЫҰ аясында сенім мен достық атмосферасын сақтауға шақырамын.
Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:
- Жеңіске де, жетістікке де бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып қана жете аламыз. Өзара ынтымақтастық пен әрекеттесу – ШЫҰ-ның жалғыз жұмыс әдісі. Осылай біз жаһандық күрделі мәселелерге қарсы күресте ортақ шешімге келеміз әрі алға қарай жаңа қадам жасаймыз.
Осылайша, Астанадағы саммит ШЫҰ тарихының жаңа дәуірін ашқан жиын ретінде тарих қойнауында қалмақ. Ұйымға төрағалығын жемісті аяқтаған Қазақстан бұл міндетті енді Қытай Халық Республикасына тапсырады. Ұйымның бас хатшысы Чжан Мин де өз жұмысын қорытындылады. Бұдан былай бас хатшы міндетін Нұрлан Ермекбаев атқарады.