Астана процесінің 18-ші раунды келесі жылдың бірінші жартысында Нұр-Сұлтанда өткізіледі. Ал елордада өткен 17-ші халықаралық жиынның нәтижесінде Иран, Ресей және Түркия өкілдері бірлескен мәлімдеме жасады. Онда олар лаңкестікпен күресте өзара іс-қимылды жалғастыруға ниет білдірді, сондай-ақ Сириядағы гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық танытты. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігіне және аумақтық тұтастығына, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына қатысты ұстанымы өзгермегенін растады. Бұл қағидаттар жалпыға бірдей сақталуы және құрметтелуі тиіс.