Ертіс өңірінде қылқобыз мектебі ашылды

Ертіс өңірінде қылқобыз мектебі ашылды

Ертіс өңірінің тұрғындары қазақтың көне музыкалық аспабы қылқобызбен күй тартуды үйрене алады. Облыста арнайы музыкалық үйірме ашылды. Аспапты меңгеруге балалар ғана емес, ересек буын да қызығушылық танытуда. Әзірше аптасына бірнеше сағаттық сабақтар жүргізілмек.

Бөкен Жігер, дәстүрлі әнші, ақын:

- Қобыз – қазақтың дәстүрлі аспабы. Жаныма жақын болғаннан кейін, шамамен екі жыл бұрын үйрендім. Қазіргі таңда қобызбен халық әндерін, дәстүрлі әндерді айтамын. Үйірмеде алғашында күйлерді үйретіп, кейін дәстүрлі әнге басымдық береміз. Өйткені бізде қобызбен ән айту дәстүрі кенжелеп қалды. Балаларға үйрету барысында халық әндерінен бастап қобыздың тартылуы, оның ұсталуы сияқты қарапайым сауаттылықтан бастаймыз.

Жарқынбек Амантай, «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығының директоры:

- Күйшілік өнердің насихатталуы кенжелеп қалғанын байқап отырмыз. Орнын толтырсақ деген ниет бар. Нәтижесінде ән, жыр, жыршылық термесімен қатар қылқобыз үйірмесін ашып отырмыз. Бұл жерде тек қылқобызды үйрену ғана емес, одан бөлек жыршылық, термешілік, әншілік өнерді де қамтимыз.

Сондай-ақ өңірде көне адырна аспабында ойнауды да жаңғыртып жатыр. Оның сүйемелдеуімен ансамбль репертуарына 20-ға жуық туынды енді.