Шетелде туристік мақсатпен немесе басқа да себептермен қалып қойған қазақстандықтарға барынша жағдай жасалып жатыр. Осы сәтте Түркиядағы қандастарымыз әуежайда отырған қазақстандықтарға қол ұшын беруде. Жатар орын ұсынып, тамақ тасып жүргендері де бар. Равиль Арыстанбеков бірнеше күн бұрын Ыстамбұлға қыдырып келген екен. Енді Қазақстанға орала алмай отыр.
Равиль Арыстанбеков, жолаушы:
- Бізді әуежайдан алып келіп орналастырып, тамақтандырып, жататын орын берді.
Жанымхан Жаналтай, қандас:
- Осындайда бірлігімізді көрсете білуіміз керек. Қазақ – қайда жүрсе де қазақ. Қазақстанның халқы үшін барлығын істеуге дайынбыз.
Тимур Әубәкіров, волонтёр:
- Қос әуежайда азаматтарымыздың қалып қойғанын біле сала, жүгіріп жеттік. Екі апаны үйге алып келдім, Қазақстандағы жақындарымен хабарласа алды. Бұл кісілер арқылы өз қызыммен де байланыс орнаттым.
Бүгінде Түркияда мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Сондықтан Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Жолда кідірген жолаушылардың алдыңғы легі кеше елге аттанды.
Сонымен қатар 170-ке жуық отандасымыз Ресей әуежайларында қалып қойған. Сол елдегі елшіміз Ермек Көшербаевтың айтуынша, қазір қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Бүгінде авиакомпаниялар рейстердің кешігетінін алдын ала ескертіп жатыр. Сондай-ақ билет құнын қайтарып немесе кейінірек ұшуға кеңес береді. Ал елге орала алмай жатқан отандастарымыз үшін көмек тобы құрылып, жатын орын берілген.
Айшолпан Аманбек, Қазақстан азаматы:
- Самара немесе Омбыға жетіп, кейін автобуспен шекара асамыз деген ой болды. Алайда Мәскеуде тұратын қазақтар мен қырғыз ағайындар бізді іздеп тауып, қажетті соманы жинап, баспана және тамақпен қамтамасыз етті. Оларға айтар алғысымыз шексіз.