Үкіметте Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте осы мәселе туралы айтылды. Жиында оңтүстік шаһардың бас жоспары және Алматы агломерациясын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-министр бұл бағытта іскерлік белсенділікті арттырып, әкімдікке жүктелген міндеттерді жүйелі орындаудың маңызына тоқталды. Кеңесте өзге де қордаланған сұрақтар талқыланды. Бұл ең алдымен Алматы қаласының индустриялды аймағын кеңейту, экологиялық мәселелерді шешу, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру, қосымша білім беру нысандарын салу, аймақтың ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу сынды бірқатар мәселелер. Жиында қаладағы көтерме және сауда-логистикалық орталықтар желісін дамыту жоспары қаралды. Олар сауда ағынын реттеп қана қоймай, көлік инфрақұрылымының жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.