Қазақстанда бензин мен дизель отынының 2 аптаға ғана жететін қоры қалды. Бұл жөнінде энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеді. Ведомство жетекшісінің ақпаратына сай АИ-92 маркалы бензиннің қазір 180 мың тоннасы бар, бұл 14 күндік қажеттілікті өтейді. Ал дизельдік отынның жағдайы қиындау болып тұр. Оның қоры екі аптаға да жетпейтіні анықталды. Ақшолақовтың айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары отынды қажетті мөлшерде өндірсе де, оның көлемі 220 мың тоннадан сәл ғана асады.
Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
– Мен атап өткендей, сол зауыттардан қорлар шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Алайда мұндай зауыттардың мұнай өнімдерін жөнелдету тұрақты емес. Бос вагон цестерналар жеткіліксіз мөлшерде жеткізіледі. Вагондарды жеткізу пункттеріне дейін жеткізу мерзімдерінің ұлғаюы байқалады.
Қазақстанда жанар-жағармай мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы құрылады
Премьер-Министр жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөнінде комиссия құруды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Жанар-жағармай бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс комиссиясын құруды Роман Васильевичке тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, баға негізсіз көтерілген жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдауды қамтамасыз етсін.
Сондай-ақ Индустрия министрлігіне, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компанияларына мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жөнелту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Ал Цифрлық даму және Энергетика министрліктеріне Әлихан Смайылов дизель отынын сатудың тәуліктік лимиттерін бақылау жөніндегі ақпараттық жүйені тез арада жеделдетуді жүктеді.