Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 4,2% құрады. Нақты сектордағы оң динамика 5,1%, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5% жетті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсетіп отыр, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі. Бұл салаларға салынған инвестиция көлемі де едәуір артты.
Мәселен, құрылыс секторына бағытталған капитал көлемі 2,7 есе өссе, қалған салалардағы өсім 50% жақын. Бұл туралы салалық ведомство басшысы Нұрлан Байбазаров мәлімдеді. Алдын ала қорытындылар бойынша, 2024 жылғы қаңтарда еліміздің сыртқы сауда айналымы АҚШ валютасында 10 млрд-тан асты. Экспорт шамамен 6 млрд долларға тең түсті. Сауда балансына келер болсақ, ол 1,7 млрд доллар оң нәтижені көрсетті. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түссе, республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге толықтырылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отыр, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет. Өте маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету мәселесіне назар аударғым келеді. Инвестициялар тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін оны жоспарлы түрде жаңғырту керек. Экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңімен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет.