Қазақстан 2020 жылы 56 инвестициялық келісімшарт жасасты. «Бұл – соңғы он жылдың ішіндегі еліміздің ең үлкен көрсеткіші», – деді Қазақстанның сыртқы саясат комитетінің өкілі Ардақ Зебешев. Оның айтуынша, жалпы өткен жылы ел экономикасына 17 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған. Оның шамамен 90% басты әріптес саналатын 14 мемлекеттің үлесіне тиесілі. Атап айтсақ, олардың қатарында Нидерланды, Швейцария, Бельгия, Франция, Германия, Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері бар.
Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Еліміздің Ұлттық даму жоспары және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасына негізделген осы іс-шаралардың барлығы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 30%, ал тікелей шетел инвестициясының көлемін 30 млрд долларға дейін жеткізуге септігін тигізуі қажет. Әлем бойынша болып жатқан келеңсіз жағдайға қарамастан шетелден ел экономикасына сапалы инвестиция тарту жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Алдымыздағы 5 жылға қойылған тапсырмаларға сәйкес, ел ішінде көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Былтыр елімізде 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында Түркістан облысындағы жаңа әуежай, Ақтаудағы қонақүй мен Ақтөбе өңіріндегі жылыжай кешендері, Жамбыл аймағында салынған санитарлық-эпидемиологиялық станция бар. Олардың құрылысындағы шетелдік инвестиция үлесі 1,5 млрд долларды құраған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов