145 жылдан кейінгі оралу. XIX ғасырдың аяғында қазақ еліне арнайы келіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысқан неміс ғалымы әрі саяхатшысы Альфред Бремнің туындылары елордада ашылған көрмеде көпшілік назарына ұсынылды. Германия елшілігі мен Ұлттық музей «Ұлы далаға қош келдіңіздер!» деп атады. Музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл көрме – екі мемлекет арасындағы тығыз байланыстың керемет көрінісі.
Айта кетейік, көрмеге Альберт Бремнің туындыларымен қатар, 145 жылдан кейін жиһанкездің жолын қайта жүріп өткен фотограф Фолькер Крейдлердің үш апталық сапарында түсірілген фотокартиналары да қойылды. Крейдлер кезіндегі Брем секілді қазақ елінің мәдениеті және тарихымен тереңірек танысып, адамдардың қоршаған ортамен байланысын зерттеді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
- Альфред Брем – қазіргі уақытта дүниежүзіне белгілі ғалым ғана емес, мақтанышпен айтатын ірі тұлға. Альфред Брем қазақ жеріне саяхат жасаған кезінде Алтай өлкесіне, қазіргі Алматы өңіріне барып қайтқан. Әрине, сирек кездесетін жануарлар мен қазақтың әдет-ғұрпына таңғалып, жоғары баға бергенін осы көрмеде көрсетіп жатырмыз. Сондай-ақ Қазақстанның қазіргі кездегі жетістіктерін де көрмеден көре аласыздар. Екі мемлекет арасындағы тығыз байланыстың керемет көрінісі – осы арнайы ашып отырған көрмеміз.
Тило Клиннер, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі:
– Бұл көрме тек Қазақстанда болып, оның тарихымен, жануарларымен танысқан неміс натуралисі туралы ғана емес, ол қазақ жерінің биологиялық әртүрлілігін ашқан адам туралы. Қазақстан – басқа елдермен салыстырғанда биологиялық алуантүрлілігі бар мемлекет. Қыстап кететін құстардан бастап жылы жаққа ұшатындарына дейін. Жалпы биолог үшін өте қызықты ел. Біз осындай шараның өткеніне өте қуаныштымыз, себебі бұл – пандемиядан кейінгі алғашқы үлкен шара.