Ермексаз сиқыры: Ерекше туындыларды жасаған кім?

Ермексаз сиқыры: Ерекше туындыларды жасаған кім?

Қазақстандық оқушы ермексаздан жасалған мүсіндердің арқасында әлеуметтік желілерде танымал болды. Геральд Ваакстың ерекше өнері жарияланатын жеке парақшасына қазіргі таңда 50 мыңға тарта оқырман жазылған. Әлеуметтік желілерде ұлының өнерін насихаттап жүрген Елизаветта Ваакс туындыларына тәнті Қазақстан мен Ресей азаматтарынан тапсырыстар көп түсетінін айтады.

Елизавета Ваакс, Геральд Ваакстың анасы:

- Жарты жылдан сәл астам уақыт бұрын Геральдтың жұмыстарын үзбей әлеуметтік желілерде жарялай бастадық. Оқырмандар саны көбейіп келеді. Рилстардың қаралымы күрт өсіп, парақшамызға жазылғандар қатары артты. Көбіне Ресей мен Қазақстан азаматтары. Алыс шетелдерден кіретіндер бар. Көптеген тілдерде еңбектеріне тәнті болғандарын жеткізіп, пікірлерін қалдырады.

Геральд Ваакс осымен тура 10 жыл бойы, яғни 3 жасынан бері ермексазға әуес. Жастайынан сүйікті ертегілер кейіпкерлері мен анимациялық фильмдердің қаһармандарын айна қатесіз жасайды. Тіпті кейбіреулерін өзінше түрлендіріп, қиялындағы құбыжықтарды құрастырады. Төл туындыларына оқиғалар ойлап табады. Елордалық шебер соңғы кездері Ұлы дала аңыздарын жаңғыртуға ден қойған. Бірегей өнерінде ұлттық мәдениетке де орын тапқан.

Геральд Ваакс, жас мүсінші:

- Ұлттық нақышта жақында Абайдың бейнесін, сондай-ақ ғарышкерлер күніне орай қазақстандық ғарышкерді жасадым. Мен енді ермексаздан Бәйтерек монументін соқсам деймін. Бұл еңбегімде бірегей сәулет кешені негізінде Самұрық құсы қонған өмір ағашы туралы көне аңызды толық жаңғыртқым келеді. Туындымды шынайы етіп жасап шығару үшін оның тарихын тереңірек зерттеуім керек.

Сондай-ақ, жас шебер гипстен де мүсін жасау өнерін меңгерген. Болашақта бұл іспен кәсіби айналысқысы келеді. Мақсатына жету үшін былтыр Қазақ Ұлттық өнер университетінің көркемсурет мектебіне түскен. Жақын арада әлеуметтік желілерде осы бағытта біліп-түйгенін өзгелерге үйрету үшін онлайн оқыту курстарын ұйымдастыруды көздеп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?