«Астана Опера» театрында мәңгілік
махаббатты әйгілейтін «Ұйқыдағы ару»
балеті сахналанды. Әлемдік классиканың ең жарқын жауһарлы туындысының
премьерасын жергілікті өнер сүйер қауым асыға күткен болатын. Қойылым балет труппсының
көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қазіргі заманғы хореографиялық
редакциясында ұсынылды. Балетмейстердің айтуынша, жер-жаһанға әйгілі туынды жаңаша
түрленгенімен ұлы балет мұрасының мән-маңызы бұрынғы қалпында сақталған. Көрермендерді
аты аңызға айналған сценограф - Эцио Фриджерионың бірегей эскиздері бойынша
жасалған сәнді костюмдер мен сахнаны әрлеген көркем декорациялар таң қалдырды. Итальяндық
суретші Якопо Пантанидің жарық партитурасы сахнада болып жатқан оқиғаларға
ерекше кинематографиялық мәнерлілік беріп, әрбір актіні көрнекі өнер туындысына
айналдырды. Қойылымдағы ханшайым Аврора мен ханзада Дезиренің партиясын елордалық
театрдың жетекші солистері Мәдина Өнербаева мен Бақтияр Адамжан орындады.
Алтынай Асылмұратова, «Астана
Опера» театры Балет труппасының көркемдік жетекшісі:
- Өнер - ол
адам театрға келгенде қандай да бір эмоциялар беруі тиіс, адамдар ерекше дүние
көргісі келеді. Бірінші кезекте - бұл сұлулық. Қойылым өте әдемі. Барлық
костюмдер әдемі безендірілген. Петр Ильич Чайковскийдің өте күрделі әрі керемет
музыкасына қойылған сюжет жақсылық пен жамандықтың күресі туралы баяндайды. Ақыр соңында жақсылық жеңеді. Театрға келген адамдар
осындай жағымды, жылы эмоцияларды өзімен бірге алып кетуі керек деп ойлаймын.
Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының жетекші солисті:
- Бұл премьераға мен өз басым 2 аптадан аз
уақыт дайындалдым. Бұл балетке мен басында шықпау керек болатынмын. Негізі
шетелде өзімнің қойылымдарым болған, оның барлығын ысырып тастап, осы театрдағы
өзгерістер үшін билеуге тура келді. Бірақ бір жағынан бұл мені өте қатты
қуантады, себебі мен үшін бұл жаңа бір белес. Өзімді жаңа жағынан ашу, соған
беретін мүмкіндік. Таза классикалық балетті, өте күрделі балетті билеу әрине көп
дайындықты талап етеді.

