«The Voice
Қазақстан» байқауы аяқталды. «Хабар» телеарнасында мегажобаның қортытындысы
жарияланды. Биылғы сайыс ауқымды бағдарламасымен, танымал әртістермен қосыла
шырқаған дуэттерімен және тартысты бәсекесімен жоба тарихындағы ең жарқын әрі
эмоционалды маусымдардың бірі болды. Финал бірнеше кезеңнен тұрды – жас
вокалистер қонақ жұлдыздармен, кейін өз тәлімгерлерімен бірге ән шырқады. Кеш
соңында қатысушылар жеке дара өнер көрсетіп, көрермендер маусым жеңімпазын
анықтады.
Нұрай Мықты, The
Voice Қазақстан жобасының жеңімпазы:
– Көңіл-күйімді
сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл қайран қаларлық, керемет сәт болды – сіздер ең
шынайы және таза эмоцияларды көрдіңіздер. Маған дауыс бергендердің, мені
қолдағандардың барлығына үлкен рахмет айтқым келеді. Әсіресе менің кәсіби
шыңдалуыма үлес қосып, қолдаушым болған тәлімгеріме, мен үшін арнайы Астанаға ұшып
келген ата-анама алғыс айтамын.
«Хабар»
телеарнасының басшылығы маусымның аса қызықты әрі жоғары сапалы болғанын, сонымен
қатар, көптеген көрерменді баурап алғанын айтты. «The Voice Қазақстан» байқауына
қатысуға еліміздің барлық өңірлерінен 1800-ге жуық адам ниет білдірген.
Кемелбек
Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Мұндай жобаға
қызығушылық өте үлкен. Өйткені, елімізде көптеген таланттар бар және олар тек
ірі қалаларда ғана емес, әр өңір, әр аймақта да бар. Сондай-ақ, көрермендердің
дауыс беруге белсенді қатысуы мені қатты қуантты. Ширек финалда, жартылай
финалда және финалда көптеген адам дауыс беруге қатысты - мыңдаған көрерменнің дауысымен
жеңімпаз анықталды.
The Voice
Қазақстанның ақтық финалы тартысты маусымды қорытындылап, оның шарықтау шегіне
айналды. Сайыс елімізде музыкалық форматтағы жобаларға жоғары сұранысты
көрсетіп, үлкен сахнаға дайын жаңа жарқын өнерпаздарды көпшілікке танытты.

