Елордада «Ауған өнерінің сыйы» көрмесі ашылды

«Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы Елбасы кітапханасында қайта жанданды. Бұл жолы халықаралық жоба аясында суретші Фаряди Мохаммад Масудтың «Ауған өнерінің сыйы» атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда каллиграмма жанрында орындалған картиналар топтастырылған. Автор өнердің осы түрімен өмір бойы айналысып келеді және қазақстандық көрермен ауған мәдениетінен сусындап, рухани азық алады деп сенеді.

Елдегі карантин шараларына байланысты тұсауы онлайн форматта кесілген көрмені Елбасы кітапханасының ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларынан тамашалауға мүмкіндік бар.

Фаряди Мохаммад Масуд, суретші/ Ауғанстан/:

- Бізбен бауырлас Қазақстан Республикасының каллиграфия өнерін жоғары бағалап, оның мәні мен қасиетіне қызығатын мемлекет екені анық. Ислам діні мен қасиетті Құраннан тамыр жайған каллиграфия өнері жәдігерлерін сіздерге табыстау мүмкіндігінің бұйырғаны кеудемді мақтаныш сезіміне бөлейді. Назарларыңызға ұсынылған алтын жалатылған каллиграфиялық үш кітапқа Құранның 54 аяты кірген.

Авторы: Ақзер Сегізбай