Алматыда қуыршақтар көрмесі өтіп жатыр

Полимер саз, фарфор киіз және матадан жасалған қуыршақтар. Алматыда Қазақстан мен ТМД шеберлерінің түрлі техникаларда орындалған 150 астам өнер туындысы ұсынылды. Қазір онда «Asia Doll» авторлық қуыршақтардың халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Айта кету керек, елімізде бұл дәстүрлі шара осымен 5-ші рет ұйымдастырылды. Авторлардың айтуынша, бір қуыршақты жасау үшін бір аптадан бірнеше айға дейін уақыт кетеді. Сондықтан шеберлер қолынан шыққан туындылар көбіне жалғыз данадан әзірленеді. Осындай бірегей жұмыстардың арасында көздің жауын алатын «Жібек Жолының алтын дәуірі» атты экспозиция  орын тепкен.

Бұл төл тарихымыздан сыр шертетін топтамада қамтылған қуыршақтар легі мәдени мұраны жаңғыртып, ұлттық болмысты айшықтайды. Бүгінде отандық шеберлердің осы текті еңбектері әлем бойынша галереялар мен жеке коллекцияларда сақтаулы.

Татьяна Семенова, көрмені ұйымдастырушы:

- Шеберлер жібек маталар, бағалы тастар болған кезеңде адамдардың қалай киінгенін, талғамның жоғары болғанын аңғартуға және матамен қалай жұмыс істегенін көрсетуге тырысты. Тарихтан сыр шертеді. Мұның бәрі бірегей өнер туындысы. Әрбірінің тақырыбы мен орындалған техникаслары  алуан түрлі. Соңғы жылдары елімізде дәтүрлі түрде өтіп тұрады. Қазақстанда қазіргі таңда баламасы жоқ қуыршақтар шеберлерінің көрмесі деуге болады.

Жеңіс Ермұқанов