Қазақстанның бірқатар тарихи орындары мен қолжазбалары ЮНЕСКО-ның
Бүкіләлемдік мұра тізіміне енуі мүмкін. Бүгінде Жетісудағы Жаркент мешітін, Алматыдағы
Вознесенск шіркеуін және 17 мың петроглив табылған Қаратау жотасын тізімге қосу жұмыстары қолға алынды.
Қызылордадағы Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құнды
жәдігерлер бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп атап өтті.
Салалық ведомства бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алғанын алға тартып отыр.Осы
орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО талаптарына сәйкес тиісті
құжаттаманы дайындауға кіріскен. Бұл маңызды істі екі жылдың ішінде тындыру
көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұлттық Құрылтайда Абайдың
«Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек
деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы
ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Қазір Абай ілімін халықаралық ұйымның тізіміне енгізу үшін
тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды.

