Елімізде соңғы 6 жылда алғаш рет инфляция 13 проценттен асып отыр. Карантин кезінде логистикалық тізбектердің үзіліп қалуы мен соңғы геосаяси ахуал осыған әкелді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Бұл ретте, азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-тен 17,9%-ке дейін артқан. Әсіресе қант, қырыққабат, күнбағыс майы баға өсіміне ең көп үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны да сыртқы нарыққа тәуелділік салдарынан айтарлықтай қымбаттаған.
Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика Министрі:
– Мысалы, АҚШ-та инфляция 8 проценттен асып кетті. Бұл да олар үшін үлкен рекорд. Германияда, Ресейде, Өзбекстанда рекордтар тіркелді. Қазақстанда да рекорд үлкен – сәуірдің қорытындысы бойынша. Азық-түлік инфляциясы жалпы тұтыну бағаларының индексіне қатты әсер етуде. Үкімет пен Ұлттық банк тиісті щаралар қабылдап жатыр. Инфляцияны ауыздықтауға арналған шаралар кешені бар. Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жүргізсе, Үкімет жедел және жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Ең бастысы азық-түліктің импортын алмастыруды 80 ппроценттен 100 процентке дейін жеткізу мақсат етіліп отыр.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет мүшелеріне инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды одан әрі атқаруды тапсырды. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер нарықтағы баға құбылуын ерекше бақылауда ұстауы тиіс.