Қазақстанның көлік-логистикалық нарқының әлеуеті
әлемдік ойыншылардың қызығушылығын тудыруда. Бұған дәстүрлі «Translogistica
Kazakhstan 2024» халықаралық салалық көрмесіне тіркелген компаниялар санының
жыл санап өсуі дәлел. Биыл оған қатысу үшін ТМД, Таяу Шығыс және Еуропа
елдерінен 200-ден астам компания тілек білдірген. Осыдан 25 жылдан астам уақыт бойы
елордалық алаңда бас қосатын сала мамандары мен көлік компанияларының
басшылары, жүк тасымалдаушылар өзара жаңа іскерлік байланыстар орнатып,
тәжірибе алмасады.
Борис Даниленко, Көрме
ұйымдастырушысы:
- Біз көптеген
қазақстандық компанияларды, оның ішінде қойма иелерін, көлік-логистикалық орталықтардың
өкілдерін көргенімізге өте қуаныштымыз. Сонымен қатар, биыл қазақстандық
көрмеге шетелдік серіктестер, халықаралық компаниялар үлкен қызығушылық танытып
отырғанын атап өту керек. Олардың жартысынан астамы Қазақстан арқылы жүк
тасымалдау, жеткізу бойынша өз қызметтерін ұсынатын шетелдік компаниялар
құрайды. Бізде іскерлік бағдарлама бар. Алдағы 3 күнде барлық көліктік салаларды
қамтитын 4 конференция өтеді.
Осындай салалардың бірі - кеме қатынасы. Көрмеде қазақстанның ұлттық теңіз компаниясы өзінің әлеуетін паш етті. «Қазақ теңіз көлік флоты» әртүрлі жүктерді, оның ішінде контейнерлік, құрғақ және астықты Каспий арқылы шетелге тасымалдауды жүзеге асырады. Бұл ретте айта кетерлігі, бұл теңіз дәлізі Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі тармағының бірі. Осы жолмен Қазақстан 2030-шы жылға қарай контейнерлік тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Еркін Нығметов, «Қазақ теңіз көлік флоты» компаниясының
коммерциялық директоры:
- Биыл рекордтық көрсеткіш орнады. Бұған дейін Ақтау порты арқылы айына
шамамен 2000 контейнерге дейін өтетін болса, биыл Ақтау портынан Баку портына
қарай 7000 контейнерге дейін тасымалдадық. Жалпы теңіз логистикасының даму
қарқыны жақсы. Себебі, жаңа ғана айтып өткендей, контейнерлік жүктердің
экспорты едәуір артты. Қазір астық тасымалының және мұнай жеткізудің ағыны да
ұлғаюда. Өйткені, Қазақстан өзге елдер арқылы өтетін негізгі тасымал жолдарымен
қатар баламалы бағыттарды дамытуды қолға алды.
Автор: Жеңіс Ермұқанов