Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы көлемі жыл басынан бері 63%-ға өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Дегенмен, бұл межемен тоқтап қалуға болмайды. Ол үшін Ақтау және Құрық порттарында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта, жалпы, «Орта Дәлізді» дамытуға Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Германия және тағы бірнеше Кәрі Құрлық мемлекеттері инвестиция салуға ниетті. Жалпы, жыл соңына дейін дәліз арқылы жүк транзиті 4,2 млн тонна болады деп күтілуде. Ал Ақтау мен Құрық порттары арқылы тасымалдау көлемі екі есе артпақ.
Қасым Тілепов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:
– Инфрақұрылымды жасау және дамыту бағыттары бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Оның үстіне, сауда флотын дамыту мақсатында еуропалық компаниялардың қызығушылығы үлкен. Олар өз кемелерін тауар тасымалдау үшін алып келуге әзір. Сонымен қатар, нидерландық компаниямен кеме және контейнер тасымалдаушыны жасайтын зауыт құрылысын жоспарлап отырмыз. Осы бағытқа да мән береміз.
Жалпы, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту тек порттардың инфрақұрылымын жаңғыртып, кемелер паркін жаңартумен шектеліп қалмақ емес. Теңіз айлақтарына іргелес теміржол инфрақұрылымын да қатар дамыту жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 400-ден аса шақырымда теміржол желілерінің екінші жолын салу жоспарда бар, әрі 5 станция жаңартылмақ. Магистралды теміржол желілерін модернизациялауға бағытталған жобалар 2030 жылға дейін межеленіп отыр.