Ұлттық мұражай қорына тапсырылған бұл өткеннің құнды жұрнақтары Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жеке адамдардың қолында көздің қарашығындай сақталып келген. Былтыр музей ғалымдары осы аймақтарды аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, 78 жәдігер анықталды. Сонымен қатар ел арасынан 680-ге жуық материалдық емес мәдени мұра үлгілері жиналды. Қазір осы далалық экспедициялардың қорытындысы ретінде әр өлкеге қатысты ғылыми жинақтар әзірленіп жатыр. Еңбектер үш тілде жарық көрмек. Бұған қоса, өткен жылы Өзбекстандағы қандастардың рухани мұрасы да зерделенген.
Ардаби Мәулетұлы, ҚР Ұлттық музейі мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының бөлім жетекшісі:
- Өзбекстан Республикасы Навай облысы Тамды және Үшқұдық аудандарының этнографиялық құндылықтары мен рухани мұраларын жинаумен айналысып, ғылыми зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесінде қыруар материалдар жиналды, орындаушылық және этнографиялық бағыттарда. Сонымен қатар біздің Ұлттық музейге сол жақтағы қазақтардың нышаны ретінде этнографиялық жәдігерлері мен заттары әкелінді. Олармен біз алдағы уақытта сіздермен бөлісе жататын боламыз.