Салт-дәстүр мен заманауи өнер ұштасқан көрме ашылды

Ежелден келе жатқан дәстүр мен заманауи мәдениет жанрларының қосындысын енді Астанада тамашалауға болады. Ұлттық музейде халықаралық «Дәстүрлер өнері» көрмесі ашылды. Жоба заманауи өнердің видео-арт, арт-инсталляция, фотосурет, арт-перформанс сынды бірнеше бағыттарындағы қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын қамтиды. 

Авторлар, сонымен қатар, Кәрі құрлықтың заманауи мәдениетін қазақтың дәстүрімен ұштастыра отырып, ұрпақтар сабақтастығын бейнелеуге ниет білдірген.  Ұлттық музей мен швейцариялық арт компания мұрындық болған инсталляцияда италиялық фотограф Габриэле Галимберти мен австриялық суретші Норберт Брюннердің туындылары және «Adyr Aspan» шығармашылық тобының бейне арт перформансы ұсынылды. 

Мысалы, италиялық фотограф  «Оның асханасында» («In her Kitchen») фотожобасын жүзеге асыру үшін көптеген елдің шекарасынан асып, көрермендерге түрлі мемлекеттердің ұлттық тағамдарының құпияларын таныстырды.  

Габриэле Галимберти, фотограф: 

- Менің жобаларым әжеммен байланысты. Себебі қай елге барсам да сол кісі мені «не ішті, не жеді» деп уайымдап отыратын. Сондықтан мен оған тамақтарымды фотоға түсіріп жіберетінмін. Кейін кейбір адамдар қонақжайлылық танытып, үйлеріне де шақыратын. Олармен бірге ұлттық тағамдарын дайындайтынмын. Міне осылардың барлығын фото-видеоға түсіріп жүрдім.  

Ольга Даниэле, көрме ұйымдастырушысы: 

- Біз байырғы мен қазіргі өнердің қосындысын жасап, оны болашаққа бағдар ретінде жібереміз. Осы процестен ләззат алдым десем, қателеспеймін. Бұл жобаның дәл Қазақстанда бастау алғанына мен өте қуаныштымын. Себебі, бұл өз салт-дәстүрін аса қатты бағалайтын ел. Көрменің аты да «Дәстүрлер өнері» деп аталуы тегін емес. Қазақстанды ерекше мемлекет ететін де осы бай мәдениеті.