Археологтар Павлодар облысында бірегей жәдігерлер тапты

Қазақстандық археологтар Павлодар облысына экспедиция кезінде сирек жәдігерлерді тапты. Көнеден қалған баға жетпес мұралардың ең көнесі әрі құндысы – қоладан жасалған найзаның ұшы. Ол біздің заманымызға дейінгі 13-8 ғасырларда жасалған және Сарғара-Алексеев типіне жатады.

Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде керамикадан жасалған ас үй бұйымдары да табылды.

Диас Ибраев, Марғұлан университетінің студенті:

– Мына керамиканы қарасақ, бұл жерде тырнақ тәріздес тәсілмен жасалған. Олар өз ою-өрнектерін тырнақты батыра отыра жасаған. Келесі керамиканың да жасалу әдісі тырнақ тәріздес. Бірақ, оның ерекшелігі – сыртынан сызып өткізген. Сондықтан, бұл жылтырлау келген. Келесі керамикамыз – тарақ тәріздес керамика. Ол әртүрлі болған: үшбұрышты, түзу сызықты секілді фигураларына қарай бөлінеді. Тағы біздің Көктас қорымында табылған керамиканың бірі – Новосібір жақта табылған болатын. 

Бұл өлкеде 20 астам қорған орналасқан. Олардың кейбірі сақ дәуіріне жатады. Көне қорымнан адам сүйектері көп табылды. Сондай-ақ түрлі тұрмыстық бұйымдар экспедицияның олжасына айналып отыр. 

Владислав Голоденко, Павлодар педагогикалық университетінің археологиялық зерттеу институтының қызметкері:

– Қазба жұмыстары кезінде 30 см тереңдікте жатқан мола ішінен сақ дәуіріне жататын сырға таптық. Соның арқасында бүкіл нысанның қай дәуірге жататынын оңай анықтадық. Одан бөлек, мәйітті батыстан шығысқа қарай жатқызғаны да қызығушылық туғызған еді. Бұл бейіттегі топырақтың қасиеттеріне байланысты, өкінішке орай, бүкіл моланың құрылымы сақталмады. Дегенмен, жұмысты ары қарай да жалғастырамыз. Себебі, жерленген адамның жынысын, неше жаста болғанын анықтап, өзге жәдігерлерді іздестіреміз.

Сонымен қатар, қорымда 3,5 мың жыл бұрын салынған ерекше нысандар да табылды. Одан бөлек, мыс өндіріліп, өңделген шахталар да табылғанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта табылған жәдігерлер зертханалық тексерістен өтіп жатыр.