ЕАЭО елдерінің өзара инвестиция көлемі $20 млрд асты

ЕАЭО елдерінің өзара инвестиция көлемі $20 млрд асты

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 млрд доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті. 2015 жылы ол 600 млн доллар, Ал былтыр 4 млрд долларға жетті. Бұл тың деректерді Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде келтірді. Алдымен тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізді. Онда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан Президенттері мен Армения Премьер-министрі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы одақ жұмысының келесі жылы атқаратын негізгі міндеттері мен бағыттарын талқылады. Кеңейтілген құрамдағы бас қосуда Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр.

Президент Ұйымның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы сауда ағындарын болжау және кедендік салықтың әсерін бағалау ісіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай тың бастамалар көмегімен ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады. Сондай-ақ, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуразия даму банкі сарапшыларының есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларға бағаланады. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 миллиард долларға жетуі ықтимал. Аталған мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперациясын күшейту қажет. Бұл орайда серпінді инновациялық жобаларға инвестиция құйған жөн

Сауда-саттықта әкімшілік кедергілерді жойып, экономикалық ынтымақтастық географиясын кеңейту қолға алынуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған баса мән берді. Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Жиын барысында – Индонезиямен де осындай мәміле жасалады. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту көделген. Айта кетелік, келесі жылы Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан төрағалық етеді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтпек.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?