Қазақстанда өнеркәсіптік бағытта 15 ірі жоба іске қосылады. Жаңа өндірістік бастамалардың бірқатары қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Келесі бір бөлігіне қатысты дайындық жұмыстары пысықталуда. Оның ішінде ыстық брикеттелген темір өндірісі де бар. Зауыттың қуаты 2 млн тонна шикізатты терең өңдеуге қауқарлы. Ол болашақта болат құятын отандық өндіріс ошақтарын қажет материалмен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, электр-металлургия комбинатын іске қосу жоспарланған. Онда еліміздегі теміржол көлігін құрастыратын кәсіпорындарға арнайы мақсаттағы шойын шығарылады. Ендігі бір маңызды жоба – мыс балқыту зауыты. Мұнда шикізатты катодты мысқа дейін толық өңдеу қарастырылған. Өнім Қытайға экспортталады. Бұдан басқа, швейцариялық компаниямен бірге жолаушылар вагондарын жинайтын зауыт салу көзделген. Соңғысы – импортты алмастыруға бағытталған бірегей бастама. Өндіріс жолына шығатын жобалардың жалпы құны жеті трлн теңге. Олар негізінен шетелдік инвестициялар мен халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері есебінен ел аумағында жүзеге асырылады. Барлық жобалар елдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.