Туризм Қазақстан экономикасының
маңызды салаларының біріне айналып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша
саланың Жалпы Ішкі Өнімге қосқан үлесі 5 триллион теңгеге жетті, ал салық
түсімдері 630 миллиардтан асты. Шетелдік қонақтар елімізде 3 миллиард долларға
жуық қаражат қалдырған, бұл Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылық
артқанын растайды. Саяхатшылар ағынының ұлғаюымен инвестициялық белсенділік те
арта түскен. Өткен жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам турист келген.
Еліміздің туризм саласында жалпы құны 1 триллион 300 миллиард теңгеге
жуықтайтын 300-ден астам жоба іске асырылуда. Олар халықаралық деңгейдегі қонақ
үйлер құрылысын, курорттық аймақтарды дамыту жоспарларын, көлік және сервистік
инфрақұрылымды қамтиды. Экологиялық туризмге ерекше назар аударылмақ. Былтыр тек
қана Қазақстанның ұлттық парктеріне 3,7 миллион адам келген. Сондай-ақ, турист
тартуға бағытталған шараларды ұйымдастыру және іскерлік туризмге көңіл бөлінеді, олар елге турист тартып қана
қоймай, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын бизнестің дамуына ықпал етеді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Экспорттық
әлеуеті жоғары бағыттардың бірі - конгрестік-іскерлік туризм. Өткен жылы елімізде
13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен 18 млн АҚШ доллары
көлемінде пайда әкелді. Саланың өсуіне серпін беретін перспективалы бағыттардың
бірі - медициналық туризм. Қазақстанның басты артықшылығы көрсетілетін
қызметтердің жоғары сапасы мен қол жетімді құнын үйлесуі. Өткен жылы Қазақстан шамамен
80 мың шетелдік пациентті қабылдады.

