Франция жасанды интеллект пен цифрландыру саласында Қазақстанмен
әріптестікті дамытуға мүдделі. Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумында
аталмыш мемлекет сегіз жоғары технологиялық компаниясын ұсынды. Қазақстан
Франция үшін АI шешімдерін енгізуде негізгі серіктес ретінде қарастырылып отыр.
Әсіресе, көліктік инновацияларға ерекше көңіл бөлінеді. Айта кетейік, Alstom
компаниясы Қазақстанда локомотивтер шығарып, сервистік бағытты кеңейтуде.
Сондай-ақ, бағдарламалық қамтамасыз ету басымдыққа ие.
Жером Бойе, Alstom компаниясының Батыс және Орталық
Азиядағы басқарушы директоры:
- Қазіргі таңда біз Қазақстанда өзіміздің бағдарламалық қамтамасыз
етуімізді дамытып жатырмыз. Өйткені өндірістік қызметіміздің басым бөлігі осы
жерде жасалынады. Осылайша цифрлық және ІТ-экожүйесінің бір бөлігіне айналып,
жасанды интеллектіні пайдалануға үлес қосып келеміз. Бұл – біз үшін
цифрландыруға атсалысып, жас таланттарға қолдау көрсету мүмкіндігі.
Өзге де француздық қатысушылар бизнес пен мемлекеттік мекемелерге арналған
мамандандырылған платформаларға көңіл бөлуде. Мақсат – кәсіпорындардың толық
цифрлық ортаға көшуін жеделдетіп, қазақстандық серіктестермен ұзақ мерзімді
байланыс орнату.
Шарль Шокр, Ksaar компаниясының даму жөніндегі менеджері:
- Біз кодсыз жұмыс істейтін платформаны әзірледік. Оның көмегімен
қарапайым формалар мен құжаттар құруға, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың жұмысын
басқаруға мүмкіндік беретін қосымшалар жасауға болады. Бұл көрме біз үшін
қазақстандық кәсіпорындармен байланыс орнатудың таптырмас мүмкіндігі. Болашақта
келісімшарттарға қол қоюға да жол ашылады деп ойлаймын.

