Қазақстанда халықаралық деңгейдегі логистика
мамандары даярланады. Олар еліміздегі британдық көлік және логистика
институтының филиалында кәсіби білім алады. 2017 жылы Алматыда ашылған оқу
орнының өкілдігі қазір Астанада да жұмыс істейді. 8 жылда бұл филиалдар саланың
300-ден астам маманын түлетті. Оның түлектері ішкі және сыртқы нарықтарда
сұранысқа ие. Елордада халықаралық жас логистер форумында технологиялар
заманында саланың даму әлеуеті талқыланды. Сарапшылар Орталық Азияның 11
бейінді жоғары оқу орны студенттеріне оқыту тренингін өткізді. Сондай-ақ, шара
аясында Қазақстанның көлік-логистикалық компанияларының өкілдері өз
тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер өңірде электрондық коммерцияны дамыту және
жалпы аймақтың сауда экономикасына Орта дәліздің қосар үлесі жөнінде пікір алмасты.
Жеткізілім тізбегін басқарудағы жасанды интеллектінің интеграциясы туралы ой
қозғады.
Нұрлан Игембаев,
Қазақстандағы Британдық көлік және логистика институтының президенті:
- Қазір осы саланың жас
мамандарын даярлауға басымдық беру керек. Қазақстан өңірдің көлік-логистикалық торабына
айналуға ниетті. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен отандық мамандарды оқыту
үрдісін жолға қойып алу керек. 2018-ші жылы біз Орталық Азия елдерінің
Корольдік логистика институтының хабына айналдық. Яғни, аймақтың барлық 5
елінде де біздің филиалдарымыз бар.
Асад Халиков,
Академик М.С. Осими атындағы Тәжік техникалық университетінің студенті:
- Мен қазір өз елімде
логист-маркетолог мамандығын меңгеріп жатырмын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы көліктік,
теміржол тіпті теңіз логистикасы қарқынды дамыған мемлекет деп білеміз. Мұны ел
экономикасының даму көрсеткіштерінен аңғаруға болады. Менімен екі курстасым
Астанаға келіп, болашақ кәсібімізде кәдеге жарататын құнды тәжірибе жинауды
ұйғарып отырмыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

