Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматыға барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев
ашылуы қарсаңында қала әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралады. Президентке
құрылысы халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілген ғимараттың жалпы ауданы 53,5 мың шаршы
метрді құрайтыны баяндалды. Ол жылына 14 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуе
айлағының басшысы Альп Эр Тунга Эрсой сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі
талаптарын сақтай отырып салынған терминал магнитудасы 10 баллға дейінгі жер
сілкінісіне төтеп бере алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолаушыларды
тіркеу, шекара және кедендік бақылау аймақтары, жүк бөлімі таныстырылды.
Жаңа терминал Орталық Азияда бірінші болып EDGE бағдарламасы бойынша
сертификат алған. Енді мұнда 50 тіркеу бағаны жұмыс істейтін болады. Ол үшін қажетті
жаңа жабдықтар сатып алынған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін толық жағдай
жасалған. Бұдан кейін Президент әуежайдың жаңа VIP-терминалын аралап көрді. Президент
стратегиялық маңызы зор терминалдың құрылысын жүргізген компания мен оның жүзеге асуына үлес қосқан барлық
жауапты тұлғаларға алғыс айтты. Сондай-ақ Президент сапар аясында Алматыда ғалымдармен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ғылым мен білім салаларын дамытып, жетілдіру
қажеттігін тілге тиек етті. Айтуынша, елімізге жас ғалымдар, инженерлер мен өнертапқыштар
қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне
айналуы тиіс екенін де еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның қамында жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді жеделдетіп,
экожүйені құру қажет деді.