Түрік нұсқаушылары қазақстандық десантшылардың дайындық деңгейін жоғары бағалады

Қазақстандық десантшылардың дайындығы Түркияда жоғары бағаланды. Отандық әскери қызметшілер «EFES-2024» халықаралық оқу-жаттығуы кезінде жоғары деңгейдегі білімдері мен дағдыларын көрсетті. Олар Көпұлтты бөлімшелер құрамында атыс, ұрыс жүргізу және шартты қарсыласты бейтараптандыру, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары сияқты қойылған оқу-жауынгерлік міндеттерді сәтті орындап шықты. 

Василий Солодилов, құрама топтың командирі:

– Біз өзге елдермен қатар дайындалдық. Тіпті кейбір тұстарда біздің дайындығымыз басқа қатысушы елдерге қарағанда өте жоғары деңгейде екенін көрдік те, сезіндік те. Біз өзімізді тек жақсы жағынан көрсеттік. Біз өз қару-жарағымызмен, барлық керекті жабдықтар, нұсқаушыларымызбен келген жалғыз елміз. 

Мадияр Қанаев, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының аға офицері:

– Осы оқу-жаттығулардың өзімізге керек сәттерін түртіп алдық. Өйткені бізде бәрі басқаша. Сонымен қатар өзге елдерге қарағанда бізде айырмашылық көп. Сондықтан әрбір топ өз бағыты бойынша үлкен тәжірибе жинақтады. Десантшыларымыз берілген тапсырмаларды бірден ұғып, тез әрекет етіп, алға қойған міндетті жақсы деңгейде орындап шықты.