Мәртебелі мейманның маңызды іс-сапары қарсаңында аспан асты елінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо отандық БАҚ-қа сұқбат берді. Елші қос ел басшылары
талқылайтын тақырыптарды тарқатып айтты. Тараптар бұл жолғы сапар стратегиялық
әріптестікті сапалы дамытуға серпін бере түсетініне сенімді. Чжан
Сяо екі ел арасындағы визасыз саясаттың оң
нәтижелерін атады. Ең алдымен, іскерлік байланыстар бекіп, туризмнің тынысы
ашылды. Қос ел арасындағы сауда қатынасы жандана түсті. Өткен жылы екі ел арасындағы алыс-беріс
көлемі 41 миллиард АҚШ долларына жетіп, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда
серіктесіне айналды. Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу - бір жол»
жобасының да табысы толайым.
«Көршілес елдер ретінде, Қазақстан мен Қытайдың бір-бірін
толықтыратын күшті экономикалық байланысы мен ынтымақтастығының келешегі зор.
Соңғы жылдары тараптар өзара кеңесу, бірлескен үлес және ортақ пайда
қағидаттарын ұстану арқылы «Бір белдеу - бір жол» бастамасы алғаш ұсынылған
орын ретінде Қазақстанның ерекше мәртебесі мен маңызды рөлін арттырып, екі ел
арасындағы энергетика, пайдалы қазбалар, мұнай-газ, химия өнеркәсібі,
инфрақұрылым сияқты дәстүрлі салалардағы кең ауқымды ынтымақтастықты
тереңдетуді жалғастырып келеді. Қазақстан мен Қытай жаңа энергетика, жасанды
интеллект, цифрлық экономика және заманауи ауыл шаруашылығы сияқты дамып келе
жатқан салалардағы әлеуетін барынша арттырып келеді».