Қазақстанда 3 мыңнан астам жас инженер «Almaty Tech Cup-2025» турнирінде бас қосты. Алматыда 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келетін турнир Орталық Азия өңірінде ең ауқымды робототехника жарысы екенін айта кеткен жөн. Құлтемірлер сайысына Қазақстанмен қатар Үндістан, Түркия, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 20-ға тарта шетелдік команда қатысты. Биылғы чемпионат робототехника, инженерия және дрон жарыстарын қамтыды. Аталған сындар су ресурстары мен су асты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесіне арналды. Жүлдегерлер 4 пен 18 жас аралығындағы қатысушылар арасында 4 санат бойынша анықталды. Бас жүлде – Алматы қаласы әкімінің кубогы. Сондай-ақ, жеңімпаздар, еліміздің жетекші ЖОО білім гранттарына да ие болмақ. Ең бастысы үздік командаларға АҚШ өтетін әлемдік кезеңде ел намысын қорғау мүмкіндігі беріледі.
Айханым Шамшадин, Қатысушы, Мектеп оқушысы:
- Бұл жарысқа деген дайындығымыз өте үлкен. Себебі бүкіл уақытымызды осы
жарыстарға қатысумен өткізіп жатырмыз. Әрі қарай өзімнің алған білімімді көрсетіп,
осы инженерия саласында дамығым келеді.
Нұрлыбек Нұржанов, «USTEM FOUNDATION» ҚҚ жобалар жетекшісі:
- Қазақстандық балалардың әлеуеті, жағдайы өте жоғары деңгейде. Себебі
Қазақстан күні бүгінге дейін «First Global Challenge» жарысында үш дүркін әлем чемпионы. 2022-ші жылы Швейцарияның Женева
қаласында өткен жарыста 180 елдің ішінде 1 орын алды. 2023-ші жылы Сингапурде
өткен әлемдік додада Қазақстан 191 елдің ішінде 1 орын алды және жақында ғана
2024-ші жылы Грецияның Афины қаласында 182 елдің ішінен 1 орын алып, әлемдік
аренада өзінің мықтылығын дәлелдеді.

