Астанадағы EXPO
аумағы жаңа буындағы технологиялық кластерге айналады. Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, мұнда жыл сайын 500 шақты стартап іске
қосылады. Кластер отандық экономикаға жаңа шешімдер ұсынып, ғылымды,
индустрияны және технологиялық жобаларды бірыңғай экожүйеге біріктіреді.
Бүгінде робототехника мен дрондардан бастап киберқауіпсіздік пен MedTech
салаларына маманданған орталықтар желісі қалыптасып келеді. Олар жыл соңына
дейін іске қосылуы тиіс. Қазірдің өзінде телебасқару элементтері бар және
AI-модельдермен интеграцияланған гуманоидты роботтар зертханасы іске кіріскен.
Сонымен қатар, технокластерде пилотсыз технологияларға қажет инфрақұрылым
жасақталады. Ведомствоның мәліметінше, қалалық ұтқырлыққа назар аударылады.
Жылдың екінші тоқсанында халықаралық компаниялар көмегімен пилотсыз
автомобильдер жобасы сынақтан өтеді. Жеткізуші дрондарды дамыту да қолға
алынады. Жоба инновацияларға қарқын беріп, елдің технологиялық экожүйесін
күшейтуі тиіс.
Жаслан Мәдиeв, ҚР Премьер-министрінің
орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Сонымен қатар
дрондар орталығында фиджитал арена және дрон операторларын даярлауға арналған
инфроқұрылым құру аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта кластер аясында
мамандандырылған орталықтар желісі қалыптасуда. Жалпы барлық орталықтарды іске
қосуды ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр.

