Пандемия кезінде елімізде миллионға жуық компания зардап шекті. Олардың 60% табыс деңгейі төмендеген. Ал 174 мыңнан астам жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатты. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі соққы қызмет көрсету саласына түскен. Аталған салада 800 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді. Бұл бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, тамақтану, ойын-сауық және демалыс, көлік салалары. Бизнес-омбудсмен зардап шеккен салалардың өкілдері кредит бойынша мерзімін ұзарту мүмкіндігін әлі де пайдалана алатынын еске салады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 18 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкерге осындай көмек көрсетілген. Бұл ретте 8% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 387 миллиард теңгеге үш мыңнан астам қарыз берілді.
«Бүгінгі таңда экономикалық қызметтің 346 түрі қолдау шарасымен қамтылған. Қарыздар бойынша мерзімін ұзарту үшін несие ұйымына өтініш беру қажет. Мұны 2021 жылдың 30 маусымына дейін электрондық пошта не мобильді қосымша арқылы жасауға болады. Орта кәсіпкерлік субъектілері өтінішке қаржылық жай-күйінің нашарлағанын растайтын қосымша құжаттарды да қоса береді», – деп атап өтті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.