Сенат экономикалық ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар халықаралық келісімді мақұлдады

Сенат экономикалық ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар халықаралық келісімді мақұлдады

Француз даму агенттігі Қазақстан аумағындағы бірнеше жобаға грант бөледі. Сенат тиісті келісімді мақұлдады. Бұл құжат ұйымның еліміздегі қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындайды. Қазірдің өзінде француз агенттігі отандық денсаулық сақтау саласына 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант бағыттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, техникалық жәрдем ретінде Ақтау портын кеңейту және электр желілерін салуға қолдау көрсетпек. Бүгінде халықаралық қаржы институты әлемнің 115 елінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын 4000-нан астам игі бастамаға демеу жасағанын айта кету керек.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Француз агентігі қаржы даму институты ретінде негізінен энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Сондай-ақ, агенттік сумен жабдықтау, санитария және ирригация секторын қаржыландыруды қарастырады. Француз даму агенттігі Даму қорымен бірлесе әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастыру және жобаларға грант бөлу және техникалық жәрдемдесу арқылы қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ, сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран және Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісімді мақұлдады. Құжаттар алыс-берісті жеңілдетуге бағытталған. Яғни өзара саудада өнімдердің 90% жуығы бажсыз тасымалданады. Елдер көптеген тауар бойынша негізсіз тыйымдар мен шектеулерді қолданбауға міндеттеме алады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:

- Қаралған екі келісім тараптардың сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту мақсатымен әзірленді. Олар тауарларды жаңа нарыққа шығару үшін қолайлы жағдай жасауды және ЕАЭО мүше мемлекеттерге инвестициялар тартуды көздейді. Осы ретте тараптар арасында туындайтын кедендік әкімшілендіру, зияткерлік меншік, ақпарат алмасу мәселелері жан-жақты реттеліп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?