Биыл Қазақстанда әлемге әйгілі 8 Университеттің филиалы ашылады. Одан бөлек, тағы 20 озық Жоғары оқу орнына Қазақстанда кампусын орналастыруға шақырту жіберілді. Олар тек ірі мегаполистер – Алматы мен Астана қалаларында ғана емес, өңірлердегі оқу ордаларының базасында орын тебеді. Басты мақсат – аймақтағы университеттерді әлемдегі ең беделді оқу орындарымен теңестіру. Бұл туралы еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі – Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстанның барлық дерлік облыс орталықтарында кемінде бір шетелдік университеттің филиалы жұмыс істеп тұр немесе жақын арада ашылады. Мәселен, Ұлытау облысында Канадамен бірлескен техникалық университет ашылмақ. Мұнда металлургия, инженерия және қоршаған орта бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
– Әр шетелдік университетпен келісіміміз бар. Соның ішінде біз негізгі қойып отырған мақсат – ол жергілікті өңірлік университеттің трансформациясы. Оның ішіне бірнеше шарт, бірнеше мақсат кіреді. Біріншісі, әрине, кадрларды тәрбиелеу. Академиялық зерттеу стандарттары, академиялық зерттеу этикасы. Осының барлығын ақырындап жергілікті университеттерде орнықтыруымыз керек.
Ведомство басшысының сөзіне дәлел ретінде Ақтөбедегі Жұбанов университетінің құрамында ашылған 200 жылдық тарихы бар Хериотт-Уотт университетінің филиалын айтуға болады. Бір жыл бұрын Келісім жасалысымен стандарттарды теңестіріп, сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар басталып кеткен. Қазір Жұбанов университетінің 16 оқытушысы Шотландияда біліктілігін арттырып жатыр. Эдинбургтік оқу ордасы былтырдың өзінде 300 студент қабылдаған. Бүгінде олар 2-курсқа аяқ басқалы отыр.
Марк Бигс, Heriot-Watt University провосты:
– Біздің қызметкерлер университет кампусында жаңа басқару жүйесін құрып, ағылшын тілінде, физика, химия және басқа бағыттар бойынша дәріс оқитын оқытушылар құрамын шақыруымыз тиіс. Келесі жылы бұл үрдіс қарқын алады. Біз екінші курсқа өтіп жатырмыз. Осы арада кампус қызметкерлері Жұбанов университетінің оқытушылар құрамына көмектесуін қамтамасыз етеміз.