Бішкекте қазақ пен қырғыздың достық аллеясы пайда болды. Жасыл желекті аумаққа «Келісім» деген атау берілді. Қос елдің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орайластырылған аллеяның ашылу салтанатына Қазақстан елшісі Рапиль Жошыбаев, Қырғызстан Жоғары Кеңесінің спикері Талант Мамытов, Бішкек қаласының мэрі Айбек Джунушалиев және Парламент депутаттары қатысты. Мұнда екі елдің достық қарым-қатынасының белгісі ретінде Тянь-Шань шыршасының 40 көшеті егілді. Бұл ағаш 300 жылға дейін өмір сүреді.
Талант Мамытов, Қырғызстан Парламентінің спикері:
- Еліміз биыл тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Сондықтан достық аллеясын дәл осы кезде ашып жатқанымыздың өзіндік бір мәні бар. Біздің халқымыз рухы мен мәдениеті жағынан ұқсас. Құндылықтарымыз да ортақ. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жаңа саябақта әндеріміз шырқалып, мерекелік күндерді сол жерде атап өтсек тамаша болар еді.
Гүлшат Асылбаева, Қырғызстандағы қазақ диаспорасының басшысы:
- Бұл аллеяның ашылуы бауырлас екі халықтың мызғымас достығын айшықтайды. Қазақ-қырғыздың рухы бір. Біздің халқымызды тереңнен тамыр тартқан бауырластық, достық, мәдени-экономикалық қатынастар байланыстырады. Сондықтан аллеяның ашылуының символдық мәні зор. Бұл - біздің достығымыздың белгісі.