Барлық өңірде конституциялық тәртіп қалпына келтірілді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Президент әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесінің және күштік құрылым басшыларының қатысумен өткен кеңес барысында мәлімдеді. Жиында елдегі қазіргі ахуал мен лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың барысы, өңірлердегі жағдай айтылды. Жергілікті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Алайда лаңкестер қару қолданып, азаматтардың жеке мүлкіне залал келтіруде. Сондықтан лаңкестікке қарсы іс-қимылдар содырларды толық жойғанша жалғаса береді. Сондай-ақ Құрылымдық күштер басшыларының хабарлауынша, жалпы тәртіпті реттеуге атсалысу үшін Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік және шарт ұйымының біріккен бітімгерлік әскери күштері келіп жатыр. Олар стратегиялық нысандардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін белгілі бір шектеулі мерзімге ғана келді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасайды деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі республикалық телеарналардың эфирінен көрсетіледі.