Қазақстанда Ұлттық геологиялық қызметті құру бойынша жұмыстар жүргізілуде

Дұрыс ұсынылған геологиялық ақпарат – елімізге инвестиция тарту кепілі. Тиісті мәліметтер базасын құрумен Ұлттық геологиялық қызмет айналысатын болады. Бұл туралы «Қазгеоақпарат» Бас директоры Жанат Кәрібаев мәлімдеді. Спикердің айтуынша, «Ұлттық деректер банкі» жобасы геологиялық зерттеулердің нәтижелеріне қолжетімділікті онлайн режимде қамтамасыз етеді. Бұл мәліметтерді ел Үкіметі, ұлттық компаниялар, инвесторлар, жер қойнауын пайдаланушылар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары қолдана алады.

Жанат Кәрібаев, «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС Бас директоры:

– Ұлттық геологиялық қызмет мұрағат деректерінің, геологиялық-геофизикалық есептер мен қазіргі геологиялық ақпараттың негізінде ел аумағындағы геологиялық-геофизикалық зерттеулерге сапалы талдау жүргізетін болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымның бар-жоқтығын ескере отырып, перспективалы нысандар анықталады. Осылайша, инвесторларға дайын геологиялық пакеттер таныстырылады.

Сондай-ақ, Қазақстанда қатты пайдалы қазбалар атласы әзірлену үстінде. Ол  геологтар мен нвесторлар үшін нұсқаулық болмақ.

 

Автор: Әсел Күшенғалиева