Қазақстандық «Дала қасқыры» фильмі отандық прокатқа шықты. Бүкіл әлем
бойынша көрермендерді тәнті еткен картинаның Астанада алғаш көрсетілімі болды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл лента Бельгия астанасында өткен кинофорумның бас
жүлдесін жеңіп алып, Канададағы Fantasia Film Festival фестивалінде қазылар
алқасының жоғары бағасына ие болды. Картинада басты рөлдерді сомдаған Берік
Айтжанов пен Анна Старченко үздік актерлер болып танылды. Бұған дейін режиссер
Әділхан Ержановтың фильмі Франциялық кино сыншылары қауымдастығының жүлдесін де
алған болатын. Кореялық кино сүйер қауым да картинаны жоғары бағалады.
Естеріңізге сала кетсек, «Дала қасқыры» жаппай тәртіпсіздік орын алған шағын
қалада кішкентай баласын іздеген әйел мен детектив жайлы баяндайды.
Сарапшылардың айтуынша, отандық режиссерлердің жұмысы қазақстандық картиналарды
халықаралық кино нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Себебі, киноға деген
ерекше көзқарас пен шынайылық – негізгі ұстаным болып келеді.
Әлия Меңдіғожина, продюссер:
- Еуропа кинематографы
Қазақстан туралы бұрыннан біледі. Бізді барлығы құрметтейді. Әрі осы кәрі
құрлық пен әлемдік кинофестивальдерде қазақстандық кинолар негізгі конкурстарға
соңғы жылдары ғана емес, бұрыннан қатысып келеді. Осы фильмнің режиссері
Әділхан Ержановтың, мәселен, осы салада еңбек етіп, түрлі фестивальдерге
қатысып жүргеніне 10 жылдай уақыт болып қалды.