Астана келесі айда тағы да жаһандық диалог алаңына айналады. Елодада 17-18
қыркүйек күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші съезі
өтеді. Ауқымды шараға төрткүл дүниенің 60 мемлекетінен жүзден астам делегат
қатысады деп күтілуде. Жиынның басты пленарлық отырысы «Діндер диалогы: болашақ
жолындағы синергия» тақырыбына арналады. Панельдік сессияларда заманауи әлемдегі - цифрландыру және жасанды
интеллектті дамыту дәуіріндегі сенім мәселелері, сондай-ақ бітімгершілік
әлеуеті және әлемнің тұрақты дамуындағы діннің рөлі сынды өзекті тақырыптар
қаралады.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Съездің ауқымы қазір кеңейіп келе жатыр. Оның географиялық аймағы да,
сонымен қатар, жастарды қамту, тақырыптық аясы да кеңейіп келе жатыр. Бұрын тек
қана діни, рухани тақырыптар қозғалса, қазір әлемдегі тұрақты даму, экологиялық
қауіпсіздік жасанды интеллект, әлемнің болашаққа деген көзқарасы және басқа да
қауіпсіздік мәселелері күн тәртібіне шығып отыр.

