Қазақстан мектептерінің 7500 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

Қазақстан мектептерінің 7500 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

Қазақстанда биыл 11 сыныпты 186 мың оқушы тәмамдады. Оның ішінде 7400 астамы «Алтын белгі» иегері атанды. Яғни  әр 25 түлек осы марапатқа ие болды. Еліміздің оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 13 мың мектеп бітіруші оқу озаты болып, тиісті куәлік алды. Айта кетейік, «Алтын белгі» 5-11 сынып аралығында барлық пәннен жылдық және қорытынды бағалары озат болған түлектерге ғана беріледі.

 

Сара Ерішева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:

-Бекітілген ережелерге сәйкес, Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу кезінде екі оқушының нәтижелері бірдей болған жағдайда «Алтын белгі» иегерлері басымдыққа ие болады. Сонымен қатар, бірдей нәтиже көрсеткен кезде озат бітірді деген куәлігі бар жасөспірімдерде де басымдық болады. Одан бөлек, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарының да орны бөлек. Бұл дегеніміз, осы аталған санаттар Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа түсе алады.

 

Осы орайда, ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеудің алдын ала қорытындыларын жариялады. Басталғалы бері 164 мың рет тапсырылғаны белгілі болды. Оның ішінде сандарды сөйлетсек, түлектердің 74% - қазақ тілінде тапсырған, ал 26% - орыс тілін таңдады. 115 адам тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруды жөн көрген. Ал, тестілеу басталғалы қазақстандық түлектердің 76% межелі нәтижеден асты.