Қазақстан мен Еуропалық Одақ су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Астанада өткен диалог платформасының 14 отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі күрделі су тасқыны жағдайында су инфрақұрылымымен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда еліміз Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Ол су тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға, суармалы жерлердің бақылау жүйесін жақсартуға, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Табиғи апаттың ауқымы мен салдары бізден ресурстарды дұрыс пайдалану және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдауды талап етеді. Бұл мәселеде бізді Еуропа елдері мен компанияларының озық тәжірибелері мен әзірлемелері ерекше қызықтырады. Қазақстан Үкіметінің күш-жігерін Еуроодақтың қолдау бағдарламаларымен үйлестіру маңызды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасының ережелерін су тасқынының алдын алу және олардан келетін залалды азайту бойынша кешенді шараларды әзірлеу мақсатында пысықтап жатырмыз. Тиімді тәсілдерді әзірлеу үшін елдердің озық ғылыми тәжірибелері зерделенеді. Еуропалық Одақ, оның ішінде Нидерландының су ресурстарын басқару және тасқын салдарын жеңілдету саласындағы прогрессивті тәсілдерін ескере отырып, тәжірибе қабылдап, жедел әрекет етуге көмектесетін мүмкіндіктерді зерделейміз.
Кездесуге қатысушылар бірлескен аграрлық азық-түлік миссиясы аясындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті. Оның мақсаты – ЕО нарықтарында қазақстандық өнім түрлерін ұлғайту және бізде еуропалық өнімдерді ілгерілету. Айта кетейік, Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 42 млрд долларды құрайды. Өткен жылы одақ еліміздің экономикасына АҚШ валютасында 10 млрд-тан аса инвестиция құйған.