Бүгін
Ақордада Гвинея-Бисау Президентін салтанатты түрде қарсы алды. Қазақстанға
ресми сапармен Умару
Сисоку Эмбало келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы келіссөздерде, Гвинея-Бисау біздің
еліміздің Африка құрлығындағы маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент
Қазақстан екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін растады. Қос тараптың халықаралық
өзекті мәселелерге көзқарасы ұқсас. Біздің
республика көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық
орнатты. Сондай-ақ, Ислам
ынтымақтастығы ұйымындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын. Өз кезегінде Умару
Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан
халқына алғыс айтты.
Ал, кездесуден кейін Президенттер ресми делегациялардың қатысуымен
кеңейтілген форматта келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау
басшысының сапарын тарихи деп атап өтіп, бұл кездесу өзара тиімді серіктестікті
одан әрі тереңдетуге негіз болады деді. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы
қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады. Сондай-ақ, өткен жылы елдер арасында
дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толды. Ал БАҚ өкілдеріне
арналған брифинг барысында Мемлекет басшылары келіссөздердің басты мәселелеріне
тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі
ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік
дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен
азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы
айрықша.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласында да әлеуеттің зор екенін атап өтті.
Еліміздің Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға мүмкіндігі мол. Қасым-Жомарт
Тоқаев цифрлық қызметтер саласындағы байланыстарды кеңейтуді ұсынып, Африка
елінің өкілдерін, келесі жылы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Гвинея-Бисау жастарына қазақстандық жоғары оқу орындарында білім
алуды ұсынды. Тараптар тау-кен өнеркәсібінде де өзара іс-қимылды арттыруды
жоспарлап отыр.
Умару Сисоку Эмбало, Гвинея-Бисау Президенті:
- Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру
салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті
механизм бар. Сонымен қатар, сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда
қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ал, ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум да бар.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

