Астанаға Азиядан танымал блогерлер мен инфлюенсерлер келді

Астанаға Азиядан танымал блогерлер мен инфлюенсерлер келді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын әлемге кеңінен насихаттап, ұлттық ойындар мен туризм саласын таныстыру мақсатында Қазақстанға танымал блогерлер келді. Оған мәдени-спорттық іс-шараны дайындау және өткізу дирекциясы мұрындық болды. Бұл үшін олар елімізге 8 елден – Таиланд, Малайзия, Қытай, Оман, Түркия, Вьетнам, Италия, Әзербайжан және Қырғызстаннан 11 блогер мен инфлюенсер шақырды. Қонақтарға қазақ күресі, Құсбегілік, Асық ату, Тоғызқұмалақ, Дәстүрлі садақ ату және басқа да ойындар таныстырылды. Контент авторлары ережелерді зерттеумен шектелмей, жарыстарда өз күштерін сынап көрді.

Нур Рухайнис Фарехах, блогер, Малайзия:

– Мұнда біз көптеген қызықты ойындар көрдік, әсіресе садақ атуға ынтызарлығым оянды. Менің ойымша, бұл дәстүрлі ойын өте тартымды. Маған Қазақстан қатты ұнайды! Адамдары өте қонақжай. 

Нур Риша Шармин Зайнул Ильяс, блогер, Малайзия:

– Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым және маған елдеріңіз қатты ұнады. Дәстүрлі ойындар сөзбен айтып жеткізерлік емес. Әсіресе, садақ ату және мас-рестлинг. Бұл спорт түрі адам денсаулығына да пайдалы деп ойлаймын. Садақ атуға келсек, бір қарағанда оңай көрінгенмен, сабырлық пен дәлдікті қажет етеді.  Ал мас-рестлинг – шынымен де тамаша спорт.

Кемаль Кая, блогер, Түркия:

– Мен 15 жылдан бері бүкіл әлемге саяхаттап, алған әсерімді әлеуметтік желілерде бөлісіп, адамдарды жаңа елдер, қалалар, орындар және мәдениеттермен таныстырамын. Қазақстанға екінші рет келуім. Мен сонымен қатар, қыркүйекте Астанада өтетін Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына арнайы келуді жоспарлап отырмын. Жарысқа дайындыққа қарасақ, олардың жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Мен түрлі елдердің спортшылары арасында қызықты тартыс болатынын көріп отырмын, өйткені бұл біздің ортақ дәстүріміз және көптеген спорт түрлері бізге бала кезден таныс. Мысалы, асықты айтар болсақ, оны бала кезімізден барлығымз да ойнадық. 

Ұйымдастырушылардың пікірінше, ұлттық спорт түрлері қазақ мәдениетінің жан-жақты байлығын ашып қана қоймай, оның бірегейлігін көрсетеді және республикаға шетелдік туристерді көбірек тарта түседі.