«Өнегелі өнер» шебері. Түркістан қаласының тұрғыны Гаухарбек Баянбайұлы ағашты қашай отырып, мағынасы терең композициялар жасайды. Ол өзін «өнегелі өнермен» айналысатынын айтады. Өйткені жасаған әр туындысының жастарға тәрбиелік мәні болса дейді.
Гаухарбек Баянбайұлы, қолөнер шебері:
– Жас күнімнен өнердің түр-түрін ұстанғанмын. Спортты да, музыканы да, қолөнер шеберлігін де. Ауылда қозы бағып жүрген күннің өзінде қолымнан кішкене бәгім түспейтін. Соны ойып-ойып түрлерін келтіріп қоятынмын. Ағаштар сөйлеп тұрған сияқты. Сол кезден байланыстыратын жұмыстар шыққан. Кәсіби тұрғыдан айналысып жүрдім. Негізі домбыра жасайтынмын. Бірнеше домбыра жасап, кейін Түркістанға келгелі қазіргі жұмысымды бастадым.
Шебер қандай да бір бұйымды жасауды қолға алғанда табиғатпен тілдесіп, одан қуат алатынын айтады. Ол өз жұмыстарының музейде құр сақталып тұрғанын қаламайды. Айтуынша өнегелі өнердің өз тілі бар. Мағыналы еңбектері арқылы халықтың бетін ілім мен білімге бұруға болады.
Гаухарбек Баянбайұлы, қолөнер шебері:
– Бұл – сахналап сөйлететін жұмыс. Бір жұмыспен кемі 30-40 минут сөйлеуге болады. Өнерді, қазақтың тарихын айтып шығуға болады. Мұнда бірнеше ғылым тоғысқан. Тарихың да, философияң да, мәдениетің де, дінтануың да, бәрі сыйып кетеді. 5-6 ғылым кіреді екен, менің есептеуімше.
Шебердің жақында жарыққа шыққан кітабында айналысатын кәсібі туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Себебі өнегелі өнер туралы көбірек айтылып, танымалдылығы артқанын қалайды.
Авторы: Ақзер Сегізбай