National Geographic Қазақстанға мақала арнады

Неліктен 2024 жыл Қазақстанға саяхаттау үшін таптырмас уақыт? Осы тақырып қойылған мақала әлемге әйгілі National Geographic басылымында жарияланды. Мақала авторы еліміз әлемнің көптеген қалаларынан ұшақпен қатынау мүмкіндігі және ашықтығының арқасында туристер үшін өте тартымды екенін жазған.

Сонымен қатар, визасыз режим, көшпенділер тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін фестивальдер және көркем табиғат басымдық беріп тұр. Бастысы, автор Көлсай мен Қайыңды, Шарын шатқалы, Маңғыстаудағы үстірттер мен Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан тарихы терең шырайлы Шымкентке баруға кеңес берген. Осылайша, көшпенділер мәдениетімен бірегей салт-дәстүр арқылы танысудың да мүмкіндігі тек Қазақстанда бар екендігі жазылған.

Оның ішінде ат шабу, саятшылықты өз көзімен көріп, дәстүрлі ұлттық тағамдар, қазақтың еті мен құртының дәмін татып көру керектігіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ National Geographic биыл күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баруға кеңес берген. Ал, жалпы Қазақстанға саяхаттау үшін ең қолайлы жыл мезгілі ретінде көктем мен күз көрсетілген. Десе де, қыста саяхатшыларға тау-шаңғы курорттары – таптырмас жер.