Халықаралық қауіпсіздік, БҰҰ-ның реформасы, орта державалардың рөлі және превентивті дипломатияның қажеттілігі. Қазақстан Президенті Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясында осындай жаһан үшін өзекті мәселелерді көтерді. Алаң мемлекет басшылары, дипломаттар, сарапшылар және халықаралық масс-медиа өкілдерін жиды. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның аймақтағы атқаратын рөліне тоқталып, Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі ой-пікірімен бөлісті. Мемлекет басшысы қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болғанын айтты. Оның пікірінше, Халықаралық аренада БҰҰ баламасы жоқ әмбебап құрылым болып қалғанымен, оның қызметін түбегейлі реформалау қажеттілігі туды. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл үдерістің басты элементі Қауіпсіздік Кеңесі болып табылады. Ол превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді. Сонымен қатар, оның пікірінше, жаһандық бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін «орта державалардың» рөлін де күшейту маңызды. Оларға Қазақстан, Түркия сияқты елдер жатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық көшбасшылар бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санайтынын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты дипломатияны жақтайтынын тілге тиек етіп, адамзаттың жарқын болашағына сенемін жеткізді. Тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді. Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық жүйеге қатысты мол тәжірибесін панельдік сессияның модераторы, Түркия Республикасы парламентінің депутаты Мевлют Чавушоғлы да атап өтті.

