Астанада жастар арасында Еуразиялық төрелік апталығы
өтті. Оның аясында төрелік бойынша алтыншы Орта Азиялық оқу конкурсы ұйымдастырылды.
Имитациялық сотқа 26 елден 60 университет командасы қатысты. Қатысушылар шын
сот залында сайысып, өз тараптарын қорғады. Ұйымдастырушылар – Астана Халықаралық
Қаржы Орталығы Соты және Халықаралық төрелік орталығы, іс-шараның мақсаты -
студенттер мен жас заңгерлерді коммерциялық дауларды шешудің әлемдік үздік
тәжірибесімен таныстыру, сонымен қатар оларды төрелік жүргізу дағдыларына баулу.
Студент-заңгерлердің ірі халықаралық жарысында қазақстандық Maqsut Narikbayev
University командасы жеңіске жетті. Олар ел намысын Гонконгтағы 23-ші Vis East
Moot алаңында қорғайды.
Ширин Махмуталыева, Maqsut Narikbayev University студенті:
- Неге біз жеңдік? Меніңше, біз әр тараптың әлсіз тұсын және
онымен қалай жұмыс істей алатынымызды білдік. Біз осы әлсіз тұстарды өзіміз
қоғайтын тараптың басымдығы ретінде көрсете алдық. Бұл бізге көмектесті.
Арууке Самсаалиева, Орталық Азиядағы Америка университетінің студенті, Қырғызстан:
- Түрлі университеттердің командаларымен жарысып, финалға
шықтық. Біз АҚШ-та он төртінші орындағы Washington State сынды команданы ұттық және
біз бұл нәтижені мақтан тұтамыз. Осы апталықта спикер ретінде шыңдалдық. Сайыс Орталық
Азия студенттерін біріктірді.
Іс-шара аясында төрелік ісінде жасанды интеллект қолдану
бастамасы ұсынылды. Цифрлық шешімдер дауларды шешу ісін жеделдетуге және
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Томас Крюммель, Халықаралық төрелік орталығының төрағасы:
- Біз жасанды интеллектіге қажетті қағидаттар әзірлеу алдында
тұрмыз. AI дауларға төрелік беруде балама бола алады, әрі оны сот істерінде
пайдалану мүмкіндігі бар, сондықтан оның қолданыс аясының шегі мен белгілі бір
ережелері болуы тиіс. Мен әрдайым «адам элементін» сақтау керегін ескертемін.
Төрелік ісі мұнсыз болмайды. Ұсыныстар көпшілікке жарияланып, оның негізінде
біз Халықаралық Төрелік Орталығының рәсімдік ережелеріне өзгерту енгіземіз.
Олар жаңғыртылып жасанды интеллект пайдаланудың тәртібі іске қосылады - бұл жұмыс
биыл атқарылады.

