Астанада жас діни лидерлердің II форумы өтті. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында ұйымдастырылды. Жиын 150-ден астам діни қызметкерлер, сарапшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосты. Қатысушылар климаттық өзгерістерден бастап, белең алған әлеуметтік қақтығыстар мен төзбеушіліктің ушыға түсуіне дейінгі қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылады. Рухани құндылықтар мен дінаралық диалогты дәріптеу әңгіме өзегіне айналды. Қатысушылардың ортақ пікірі жастар рухани дипломатияның, яғни түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы көпір дегенге саяды. Өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, белсенді дамуын қамтамасыз ету тұрақтылықтың кепілі дейді олар. Форум қорытындысы бойынша бірлескен үндеу қабылданды. Онда жас көшбасшылар өздерінің күш-жігерлерін әділ және қауіпсіз болашақ құруға бағыттауға дайын екендіктерін білдірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей,
қиын кезеңдерде біз қабырға емес, көпірлер салуымыз керек. Бұл – біздің
халқымыздың саналы таңдауы. Сондықтан адамзат қазіргі өзекті
проблемаларды шешу жолында жаңа идеялар мен тың тәсілдерге мұқтаж. Осы орайда
ХХІ ғасырдағы ең күрделі түйткілдерді еңсеруде сіздерге, яғни жас көшбасшыларға
үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жолда тек ашықтық, адалдық және сенімге
негізделген диалог арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады.

